Құрметті ата-аналар!

Сіздерді Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетімен толығырақ таныстырғымыз келеді. Бұл университеттің құрылғанына биыл –  29 жыл. Әрине, аз да емес, көп те емес. Бірақ, осы уақыт аралығында оқу ордасы Еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді. Инновациялардың ошағына айналды. Университеттің негізін қалаудағы мақсат та осы еді. Демек, көздеген меже орындалды. 

1991 жылы 6 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан Мемлекеттік университеті құрылды. Түркістандағы бұл жоғары оқу орнын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен сол тұстағы Түркия Республикасының президенті болған Сүлеймен Демирел ашқан. Қазіргі таңда университетімізде Әлемнің 17 мемлекетінен келген 9000-нан аса Қазақстандық және шетелдік студенттер білім алуда.

Оқу үдерісі туралы. Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен білім беру бағдарламасы, оқыту методикасы, бағалау технологиясы, білім алушылар және профессорлар алмасу бағдарламасы және т.б келісімдерге қол қойылған. «Visiting professor» бағдарламасы бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия елдерінің профессорлары 2 апта дәріс өткізеді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру бағдарламасы бойынша университетіміздің профессор оқытушы құрамы Еуропа елдерінде, әсіресе, Ұлыбритания мен Түркияда мамандандырылған оқудан өтуде.

«Мәулана» академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы университеттерімен (Хаджеттепе, Гази, Эрджиес, Стамбул, т.б.) екі жақты келісім жасалып, сол келісім негізінде студенттеріміз 1 академиялық семестр бойы Түркия мемлекетінің университеттерінде түрік және ағылшын тілдерінде білім алуда.

Университеттегі өмір тек терең білім алумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, университет табалдырығын аттаған студенттер жаңа шетелдік достар арттырып, мәдени алмасудың жаңа қарқынына көшеді. Университеттің қоғамдық өміріне атсалысу мақсатында студенттер түрлі үйірмелер мен клубтарға белсенді араласады. Бұл жаңа достар арттырудың ең ұтымды жолы. 

Жалпы, университетте 100-ге жуық студенттік клубтар жұмыс істейді. Бұл жерде әрбір студенттің ойы мен талғамына орай клубтар бар. Егер таба алмаса, өзінің 1 студенттік клубын құруына болады.

Мәдени-тәрбие бағыты бойынша да жұмыстар жыл бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Мәдениет орталығында 700 орынды бір үлкен зал бар. Оқу ғимараттарындағы 150 орынды 10 кіші зал, 3 хореография сыныбы, теле-радио студияcы студенттерге қызмет көрсетуде. Би, ән, көркемсөз оқу, домбыра, т.б үйірмелер студенттеріміздің бос уақыттарын пайдалы өткізулеріне мүмкіндік туғызады. Университет қалашығы ішінде студенттерге арналған спорт залдары, футбол алаңдары, теннис корттары, ашық волейбол және баскетбол алаңдары қызмет көрсетеді.

Дәрісханалар заман талабына сай жиһаздар, тақталар, компьютерлер, аудио және видео жүйелер, проекторлармен қамтамасыз етілген. Интернетке тегін кіруге рұқсат етілген.

4 қабатты заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапхана қызмет көрсетеді. Кітапхана жұмысы халықаралық деңгейдегі алдыңғы қатарлы кітапханалармен деңгейлес болуы мақсатында материалды-техникалық базасын үнемі озық технологиялармен толықтырып отырады. Кітапхананың 4-ші қабатында оқырмандардың пайдалануына қолайлы болуы үшін 50 орынды кафетерий орналасқан. Оқырмандардың пайдалануына қолайлы жағдай жасау мақсатында кітап қоры 7 оқу залында әр түрлі салалар бойынша бөлінген. Кітапхананың бірінші және екінші қабаттарында 95 орынды 2 конференц-залдары бар.

Талапкерлерді Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алуға шақырамыз! Білім – мықты капитал. Біздің университетіміздің болашағы зор!